Телеарна туралы

Жамбыл жерінде 1989 жылдың 1 қарашасында облыстық телеарна өз жұмысын бастады. Бұл оқиға облыс тарихындағы жарқын беттердің бірі болды. Біріншіден, Жамбыл телеарнасы республика көлемінде 21 жыл үзілістен кейін, электронды ақпарат кеңістігіне қосылған алғашқы ұжым. 1989 жылдың 1 қарашасында шаңырақ көтерген телеарна алты күннен кейін орталық алаңдағы еңбекшілер шеруінен тікелей хабар жүргізді.

Алғашқы кездері телеарна ұжымы эфирге аптасына бір-екі, кейде үш рет шықты. Хабарлардың ұзақтығы 15-20 минуттан аспайтын. КСРО телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитет облыстық телехабарларға 40-45 минут уақыт беріп, соған ғана қаржы бөліп отырды. Телеарнада қазақ тілді хабарлардың санын көбейту - алға қойылған басты мақсаттардың бірі. Алғашқы кезде хабарлар ПТС (жылжымалы телестанция) арқылы таратылды. Көп ұзамай күрделі жөндеуден өткізіліп, техникалық жағынан жарақтандырылған Сүлейменов көшесіндегі Жамбыл гидромелиоративтік инженерлік құрылыс институтының көне ғимараты телеарнаға берілді. Қаратау қалалық телестудиясын тездетіп іске қосу да назардан тыс қалған жоқ. Соның нәтижесінде, жаңалықтар мен хабарлар тікелей эфир арқылы телестудиядан таратыла бастады.

 

 

1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін күн сайынғы (сенбі, жексенбіден басқа күндері) эфир уақыты бір сағатқа ұзартылды. «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының («Қазақстан-Тараз» телеарнасының) қазіргі апталық эфирлік уақытының көлемі - 98 сағат, тәуліктегі көрсетілімі - 14 сағат. Телеберілімдерге жүргізілген апталық және тәуліктік мониторингі көрсеткендей, эфир уақытының тілдік арақатынасының сақталуы Қазақстан Республикасының «БАҚ туралы» Заңына сәйкес келеді. Яғни, мемлекеттік тілдегі хабарлардың үлес салмағы 60-70 пайыз шамасында, ал орыс тіліндегі көрсетілімдердің көлемі 30 - 40 пайыз.

Телеарнаның меншікті бағдарламаларының жалпы саны - 30, оның 6 - қоғамдық саяси, 5 - мәдени, ұлттық-этнографиялық, 4-әлеуметтік-экономикалық, 1 - діни, 2 - спорт, балалар хабарлары, қалғандары өзге сан алуан тақырыптарды қамтиды. Бағдарламалардың барлығы телеарнаның арнайы мерзімдік көрсетілім кестесіне сай, мемлекеттік және орыс тілдерінде беріледі. Авторлық бағдарламалардың апталық ауқымы - 2660 (44,3 сағат) минутты құраса, тәулігіне 380 минут (6,3 сағат) деңгейінде. Қазақ тілді бағдарламалардың апталық үлес салмағы - 1015 минут. Мемлекеттік тілдегі бағдарламалардың үлес салмағы аптаның әр тәулігінде 60 пайыздан 85 пайызға дейінгі аралықта өзгеріп отырады.

Филиал басшылығы бекіткен хабар тарату кестесі бойынша, мемлекеттік тілде жарық көретін материалдардың жариялану уақыты және көлемі тұрақты түрде сақталынады.
Телеарнаның «Қазақстан» Ұлттық арнасының телехабартаратқыштары арқылы бір сағаттық көрсетілімдерінің облыс елді мекендерін қамту көлемі 86 пайызды құрайды. 2011 жылдың қыркүйегінен бастап, телеарна республика бойынша аймақтар арасында алғашқылардың бірі болып, лентасыз хабар тарату жүйесіне көшті.